Бір Ой болыпты. Мекен жайы Мида екен. Дене Республикасының ең энергоемкий аудандарының бірі, әрі Басқару жүйесінің тұрақты тұрағы болса керек.

Көз джимайлға хат жолдап, Құлақ дауысты/дыбысты СМС жазып, Тері неше түрлі спам лақтырып, Тіл ханым импульстар жіберіп, Мұрын мырза қорап-қорап пәсілке жолдап, Мидың ел танымайтын өгей деп саналатын 6-ы баласы да азды-көпті, жетер-жетпес ақпарат беріп, қайтесіз әйтеуір ел жабылып Ойды туғызып алыпты. Шілдеханасы 0,01 нсек болар болмас жиналған жұрт келесі толғақ «қызығына» кетіпті.

Акушерлерінің берген ақпаратына тоймаған Ой Архив атаға барыпты(физикалық тұрғыдан ата өзі Ойға келеді ғой). Архив ата **-і болса керек, бейшара бала-Ой біріншісінен бастап соңғысынан дейін қыдырмай, 24-і «болуы мүмкін» деген ендері барларға сілтепті. Аталар аздап қартаяйын деген ба «солай ғой деймін» деген жауаптарына налыған Ой өз тумаларына барыпты, ақылдаса отырып, олардың тәжірибелеріне жүгіне отырып, «жұдырыққа жұмыла отырып» 5 ағайындыға ашық  хат жазыпты.  Тілеуін бергірлер лезде басқа Республикалардан, Материктерден, Ғарыштардан барлық ақпарат жинап беріпті. Ой рахметін айтып, жаңа «азыққа» толығып, қорыта бастапты… Бәрібір Ой ойынан ойы кетпей қойыпты… Тумалары қолдарын бір сілтепті «шизик» деп, 5 ағайынды Республиканың қамын қамдап Ойға қолдары жетпепті, Архив ата куәліктің мерзімі өтіп кеткенін айтып жібермепті… Сүмірейіп Ой анда сандалып, мында сандалып энергиясын тауысыпты да Пассив ауданына көшіп кетіпті.

Әлденіп Ой Пассив ауданынан қашып шыға беріпті, шыға беріпті. Вообщим, Миды ашуландырғаны сонша, Ми Ойды суырып алып, Бүкілденелік жиынға салыпты! Қуанышы қойнына симаған Ой жарылыпты да қалыпты, прикиньте… Ішінен шыққан Шешім деген көбелек типтес қанаттандыратын субъект Миға жаңа Белестерді көрсетіпті.

🙂 Журналистсымақпын* ғой, ойымды жай сөздермен жеткізе алмаймын. Айтайын дегенімді түсінген шығарсыз 🙂

* Түзету – 23.07.2009

Ерте ерте ертеде бір бай болыпты. Бай болғанда бай, ішкені алдында, ішпегені артында, өзі би, өзі қожа екен. Байдың бай болуына бір қарт көмектесіпті-мыс. Қарт өз даналығын ғасырлар бойы жинаған, көп көрген, көп оқымаса да көп білетін, дала тілін, ірі-қара, ұсақ-түйек малдардың тілін де білген  ақсақал деседі. Қарт байды бай болып, байлықтан көзі байланар деп ойлапты ма?! Ақ-көңіл, кішіпейіл қарт о дүнеге аттанарда артында қалған жалғыз ұлын байға тапсырыпты.

Надандығы ма, білместігі ма, орнын басады деп па бай жас баладан қатты қорқыпты. Мал қора мен жатар орнының арасында безілдеген жас тез азып-тозыпты. Шыдай алмай қожайынына ашулана барғанда бай азын-аулақ сыйлықтарымен алдап-сулап жібереді екен. Сол қолы жеткен сыйына жас бала мәз, тыныштандырғанына бай да мәз.

Уақыт рұқсат сұрамай жылжи береді. Жас бала отбасылы болып, бала сүйіп, тіршіліксымақ өмір сүріпті. Тұрмыс жағдайы жанына батса да көрмегенсіп жүре беріпті, жүре беріпті. Көп ойланады екен, өзі жайлы емес – ұрпағы жайлы, қайда барады, кім болады, не өмір көреді?! Бай да құр қол отырмаса керек. Баюдың амал-айлаларын іздеп тауып – табысты жолға салыпты.

Байдың қол астындағылары жаңа әдістерді түсенбейді екен де, бай сырттан көмек шақырыпты. Сөйтіп, ескі жұрт ысырыла беріпті, ысырыла беріпті, оған жұрт көне келіпті көне беріпті. Кешегі жас бала бүгін Ер, баймен күресудің амалын іздегенімен, тапқызбапты. Бір амалын, бар үмітін Ер баласы Беріктен көріпті. Тәрбиесіне, білімі мен оқуына көп көңіл бөледі екен. Жиған тергенінің бәрін Беріктің кітап-қаламына жұмсайды екен. «Оқы да ОҚЫ!» деген бұйрық ретінде емес, баппен түсіндіріп, Беріктің алдына мақсат қоя білген Ер баласынан да жауапты құлшынысты көріпті. Қарт-ата айтып, үйретіп үлгерген нақылдарын, даналығын шамасы келгенше Ер Беріктің қанына сіңіруге тырысып бақса керек.

Бай қартайыпты. Күндердің күнінде соңғы демі де шығыпты. Өкінішті-ақ, бар байлығы осы дүниеде қап кетіпті(қап-ай, ай ә!). Ол уақытқа дейін Ердің Берігі да ер жетіп, қатайыпты, сана-сезімі қалыптасып, ояныпты, өзгеріске деген талпынысы қанша жаншылса да жарқын болашақтан үмітін үзбеген екен.

Берік көп ойланып, жанына ойластарды жинап, жүйенің жаңа жүйесін тауыпты да енгізіпті 🙂 Қалың жұрт «бай жив» деп қайта қораларына оралыпты дейді ертегі…