7gifНе ғой… Мына әңгіме Жан-Айнанікі. «Блогыма жариялайыншы» деп сұрай алмай отыр едім, өзі «жарияласаңыз қарсы болмаймын» дегендей болды. Бірақ, мына туындының менің блогыма жариялануы «намысына» тиіп кетпес пе деп те ойлап едім(қарап отырсаңыз, шығармашылыққа, әдебиетке аса қатысы жоқ, тілі де тым қарапайым блог қой). Өзім үшін, үлкен МӘРТЕБЕ!

Баяғыда қыс патша тағынан түскісі келмей, билігін қолынан шығарғысы келмей, Көктемге орын бергісі келмей, елді біраз әуреге салыпты. Күллі жұрт көктемін аңсапты. Аң біткен көкке зар болып, күннің жылы шуағын күтіпті. Бәйшешек қара жердің бауырын түрткілеп, қашан еркіндік бересің деп мазасын алыпты. Қайдан білсін ол байқұс бұған кінәлі жер емес, Қыс екенін. Қыс та кәрін төгіп, қаһарланып, қарын қатайтып, сүңгіге айналдырып, одан әрі нығарлана түсіпті. Бірақ, «ештеңе де мәңгі емес» қой, бір күні Қыстың төл ұлы, ұлы мұрагері Қар қатты ауырыпты. Төсектен басын көтере алмай ауырыпты. Түрлі тәуіп, менмін деген мыңдаған бақсы да, емші де ештеңе жасай алмапты. Мүмкін олар қолдарынан келсе де, Қарды емдегісі келмеген болар, өйткені Қыстан әбден зәрезап болып бітті ғой. Сынақтан өте алмағандарды Қыс қылшылдаған аязымен үсітіп өлтіріпті. Сол уақытта біреу Түлкінің де емшілік қасиеті бар екенін айтады. Қыс бірден Түлкіге кісі шаптырып: «Қарды кім ажалдан алып қала алса, сол Қыстың суық мейіріміне бөленбек, Түлкі де келіп, бағын сынап көрсін!» – дейді. Емшілердің бәрі шетінен өліп жатқанын естіген Түлкі бұл тығырықтан шығар айла таба алмай әбден сасып, Қыстың алдына келеді. Қардың тамырын басып көрген ол:

Әәә, Қар мырзаға суық тиіпті. Дәл осындай дерттің талайын емдедік қой, Қар жазылу үшін жылы оранып жату керек, бусанып бір терлесе, құлан таза айығып кетеді, – депті. Қыстың өмірінің жалғасы, өмірінің мәні болған соң, ол Түлкінің айтқанын бірден орындайды. Ақ көрпеге оранып, қымтанып жатып, Қар жігіт Қыс әкесіне бұрынғыға қарағанда сәл жақсы болғанын айтыпты. Сөйтіп жатып, ол тамшыға айнала-айнала жерге сіңіп кетеді. Ертесі баласының тек орны ғана жатқанын көрген Қыс күрт сынып, қайғыдан қаза болыпты…

Көргендер қыстың өзі қаһарлы, қатал болғанмен, оның Қар ұлы тым пәк, ақжүрек, мейірімді әрі көркем жігіт болатын дейді. Оған ғашық емес арулар аз екен. Ал Қар тек қана өз Бәйшешегіне ғана ғашық. Жылда Бәйшешегімен қауышқан сәтте түрлі кедергілерге ұшырап, қосыла алмай жүреді екен. Сенсеңіз, Қар өз гүлін әлі бір рет те қапсыра құшақтай алмапты. Қар ауырып жатып, ақ көрпеге оранып жатып, Бәйшешегін көріп, соңғы сөзін айтып үлгеріпті: «Мен сені сондай қатты жақсы көрем! Өте қатты жақсы көрем! Сол жақсы көргенім үшін, саған ғашық болғаным үшін саған үйлене алмаймын, сені жар ретінде қалағаныммен, алғым келмейді! Себебі, мен суықпын, сені тоңдырмайын деп жылынсам, өзім еримін, өзім ерімейін десем, сені үсітіп, тоңдырып алам. Сондықтан, біз мәңгі қосылуға жаралмаған, бірақ мәңгі ғашық болып өтетін табиғат жаратылыстарымыз. Сен мені сағынасың, сол сағыныш менен мәңгі естелік боп қалсын сенде! Сен мені ойлап мұңға оранасың, сол тәтті мұң алға жетелесін сені!» – деді қар, – дейді бәйшешек.

* * *

Ақпанның 27-інде апа-жеңгелерімді қарбалас тірлік басталмай тұрып мерекелерімен құттықтап тастайын деп келе жатсам, алдымнан бәйшешек сатып тұрған бала кездесті. Өзі ұяң, даусын ақырын шығарып: «Бәйшешек алыңыздар, бәйшешек!» – деп қояды. Баланы аяғаным үшін емес, қардың ғашығына қызыққан соң біреуін алдым. Бәйшешек сондай мұңды, бірақ өте қуанышты екен. Себебін сұрасам:

Қар күрк-күрк жөтеледі, тағы да ауырып жатыр, түлкінің айтқанын орындап, бусанып терлеп жатыр. Не істерімді білмеймін. Сол үшін мұңдымын. Бірақ, мен өзімнің сүйіктіммен біргемін, біз бәрібір қосыламыз, қазір де бізді бөлек деп ешкім айта алмайды, сол үшін қуаныштымын, – дейді күліп. Аяп кеттім. Бірақ, мен тым шарасызбын ғой.

Мен қарды көктемді жақсы көргендей жақсы көрем. Қар мен Бәйшешек, Бәйшешек пен Көктем… Бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.

Әнебір кезде қар жауғанда достарыма: «Бүгін біздің «ауылда» «аппақ-аппақ жапалақтап қар жауып тұр тынбастан». Далаға бір сәт шығыңызшы, қаншама періште түсіп жатқанын көрер едіңіз! Сұлулыққа қарап еріксіз сұқтанасыз! Қалыңдық киетін көйлектен де тап-таза, аппақ, жалт-жұлт еткен АЛЛАның нұрын басуға аяйсыз. Осындай сұлулықтың қалай жаралғанын түсіне алмай шақшадай басыңыз шарадай болады. Бір-біріне еш ұқсамайтын алты бұрышты қар түйіршіктеріне қарап тұрып, осы сұлулықты көруге жазған АЛЛАға шексіз шүкір дейсіз! Жауын жауғанда, қар жауғанда тілеген тілектер қабыл болады дейді, бірақ дәл қазір мен қандай тілек тілерімді біле алар емеспін, есіме түсіре алар емеспін. Сұлулық тілімді емес, ойымды күрмеп тастады. Шіркі-і-ін, менің көңілім мен жаным, жұдырықтай жүрегім дәл осындай пәк болса ғой!» – деген хат жазған едім. Бір-екі күннен соң Қанат бауырымнан:

«АЛЛАның АППАҚ нұрымен жалғанның лас кірі араласып жатыр Алматыда, әпке. Кешегі аппақ қауырсындардың жылағысы келіп тұр Алматыда, әпке. Ауылды сағындым, әпке… Күнәсіз көктемді…» – деген жауап келді.

«АЛЛАның АППАҚ нұры жалғанның қап-қара кірін тазалаймын деп күйелеш-күйелеш болды. Ол сонда да алған бетінен қайтар емес, Қанатжан. Сөйтіп жатып, жерге су боп сіңеді. Өзінің бәйшешегінің, өзінің ғашығының тамырына нәр болып тарайды, Қанатжан. Сіз соған сеніңіз! Қар тым қайсар!»

* * *

Биылдыққа Қар кө-ө-өп ауырды. Қар әр ауырған сайын Бәйшешектің көктемі келіп кетіп жүрді… Күн өткен сайын еріп барады қар. Оны дерт жеңеді деп ойламаймын. Айтпақшы, оның дертінің сыры әлі ешкімге белгісіз екен. Бәйшешектің айтуынша ол жай ауырып жатқан жоқ, ол ғашықтықпен ауырып жатыр. Жүрегін ағыл да тегіл мейірім кернеп, мейірленіп жатыр…

P.S. Қар мен Бәйшешек қосылыпты, естідіңіз бе? Бірі еріп, бірі гүлдеп, дала құлпырып келеді… Бұл сәтті кейбіреулер көктем деп атайды екен. Ал, ғашықтардың қосылған мезгілін күллі тіршілік жақсы көреді екен…

6/03/2009. Сағ: 16-30

Алып-қосар: Ана-тілі газетінен де таба аласыздар 🙂 Жан-Айнаға шығармашылық табыстардың молдығын, армандарының орындалуын, көңілінің әрдайым КӨКТЕМ болып жүруін тілер едім! Жан-Айна, сізді қатты силайтынымды білетін шығарсыз, ия?! Алайда, кейде кейбір қылықтарыңыз үшін өзім асылып қалуға даярмын (қалжың)…

Advertisements