Асханаға қатысы бар блогтардың(аспаздық, дастархан, дәмді) авторларынан кешірім сұрай отырып мына жазбаны бастамақпын.

Әжем қалада. Демалыс күндері үйде менен басқа «үлкен» қалмады. Тамақты, анда-санда болмаса, тіпті пісірмейтінім бар(шыны керек, ерекше қызығушылығым да жоқ). Үйде әжем болған соң асүйден шықпауға тура келді. Сенбі күні әйтіп-бүйтіп борщ пісірдім. Жексенбіде-кеспе көже… Қыздар, мен нан(қамыр) жаю білмейді екенмін… «Қаланың қызы боп кеткенсің» деп әжем бырқылдап, келесідей нұсқама (инструкция) жасады. Кеспе көженің етін, пиязын, сәбізін қайнатып қойдым да нан илеуге/жаюға кірістім. (ОХ! оңай емес екен…)

1) Қамыр: менің төрт алақанымдай болатын ұн+тұзды су (жылы суға езілген бір кішкене қасық тұз)+жұмыртқа=қамыр. 5 минөтке жабамыз, сосын ашып, иінін қандырып илейміз. «Қамыр жылтыр болуы керек» дейді әжем. Жұмсарып, жаюға жеңіл болуы үшін тағы 5-10 минөтке жауып қоямыз.

Нюанстары: 1) жұмыртқа болмай қалған жағдайда, тұзын ащылау қылып илеуге болады екен, бірақ(!) сорпаның тұзы да «жақсы» болса көже ащы болып кетуі мүмкін, тұзбен ОЙНАМАңыз! 2) тырнағыңыз ұзын болып, тазалауға ерініп жүрсеҢІЗ – нан ИЛЕңіз! 3) КӨЖЕңізден шаш іздеп ОТЫРҒЫңыз келсе, орамал ТАҚПАҢыз! 4) Қолдардың бұлшық еттеріне әсері ЗОР екенін айта кету керек, ауырып жүрмесін 🙂

2) Жайма: жер-үстелге оңай жайылады екен – бүкіл денемен салмақ түсіріп. Қаланың биік-үстелі ыңғайсыз деп, орындыққа тұрып жайдым. И так… Қамырды алып, жұдырықпен жаймалаймыз – табанандай болғанда оқтауды алып, ұнын сеуіп, жая бастаймыз…

Нюанстары: 1) ұн сепкенде, қолмен ұнды жаймалаудың қажеті жоқ, «тері сұрлегендей» деп сөгеді дейді әжем. 2) қолды түйтің-түйтің еткізбей, көсіп-көсіп жаю керек. 3) салмақты біріңғай салуға тырысЫҢЫЗ. 4) Бір жерді жұқартамын деп жабыстырып алуыҢЫЗ мүмкін, абай болыҢЫЗ! 5) Жайманың шет жағы селдіреп кетпес үшін ортасын көбірек жаймалаҢЫЗ. 6) Жайманы толығымен оқтауға орағаннан соң 90 градусқа бұрып жайманы жазасЫЗ да қайта жая бастайСЫЗ.

3) Кеспе: жаймаңЫз жұқа да доңгелек болса кеспе турауға дайын. Жайма тым үлкен боп кетсе ортасынан бөліп, әр бөлікті жалпақтап орап, жіңішкелеп турайСЫЗ.

Нюанстары: 1) пышақ өткір болғаны жақсы: қамырдың обалына қалмайСЫЗ(токо ақырын! СІЗдің обалыңызға қалып жүрмейін). 2) әрбір кеспенің жіңішкелігі бірдей болса сүйкімдірек көрінеді ма, эстетика тұрғысынан ба, жалпы тәбетті ашатын сияқты. 3) Чуть болғанда есімнен шығып кетеді екен: жарты жайманы орағанда арасына КӨБІРЕК ұн себу керек, сонда жабыспайды 🙂 4) Оңақай болсаҢЫЗ: оң қолға пышақ, сол қолмен оралған жайманы ұстап тұрып, сол қол саусақтарымен кеспенің жалпақтығын белгілей отырып оң қолмен кесеСІЗ (солақай болсаҢЫЗ – керісінше).

4) Көже: кесілген жайманы/кеспені қолмен ажыратаСЫЗ. Ұнынан айырып, қаққандай болып қайнап тұрған сорпаға салаСЫЗ.

Нюанстары: 1) қоймалжың көже ішкіңІЗ келсе, ұнымен қоса салаСЫЗ, сорпа мөлдір болу үшін – ұнсыз болғаны қажет. 2) 5-10 минөт қайнатылады ғой деймін 🙂 Табақтарға құйып-құйып лөстіреСІЗ 🙂 Қамыр жаямын деп, картобын қосуды ұмытып кетіппін, әкем болмады «бірдеңе жетіспей тұр ғой деймін» деп кекетіп 🙂 ЭХ! Түскі асқа дайындағанмын, кешке де, бүгін таңертең де іштік 🙂

ОқығаныңЫЗға мың да бір алғыс! Ас болсын!

Advertisements