Айтпасам да, ауылыма барып қайтқаным белгілі ғой 🙂 Сол кезде, әкем бар, ағаларым бар, әжем бар-бәрі өткен-кеткендерді еске алып жатты. Кішінің аты кіші, аузымды ашып, әрбір сөздерін жаттап алуға тырысып бақтым. Ақпарат тым көп боп кетті ма, барлығы есте қалмапты. Сондағы қалғандарын құлақтарыңызға сыбырлай салайын, тек ешкімге айтағын:

***

Қи су болмасын деп үстіне шөп төгіп тастапты. Күзгі күн суық. Ағаларым жылынбақ болып, шөпті қуыстап(үңгірлеп дейміз ба) кіріп сіріңке жағады 🙂 Бір апта атамыздың көзіне түспей қашып жүрген екен. Жылуы қатты қи талай бықсып жатты дейді.

***

Жансүгір мен Сарқанттың арасындағы жолда үлкен диірмен тұр, көз сала жүріңіз. Сол диірменнің қожайыны қан қысымы артып қайтыс болыпты. Қасында әйелінен басқа ешкім болмапты, телефон жоқ, машина да жоқ, болғанда да не пайда?! Өсірген балаларының бәрі қалада, тыртыңдап жинаған дүниесі далада жатыр. «Өмір деген боқ, бүгін бар да ертең жоқ»…

***

Дүйсен (әжемнің інісі, әкемнің нағашы ағасы, сонда маған кім боп келеді?) енді трактор айдап жүрген кезі екен. Жолдан өтіп бара жатқан қойларды көріп: «басам-ау, ә! басам-ау!» деп «бырқ» еткізіп мыжып кетіп «бастым!» депті.

***

Үш ауылға 5-11 сыныптар оқитын бір мектеп. Ағарту мен Бақалы арасы 3 километрдей, Бақалы-Киров арасы 1,5-2 километр шамасында. Бақалыда орыстар көп болса керек, мектептен қайтқан Ағартудың балаларын ұстап ап «рэкетирлік» тірлік жүргізеді екен. Оны білген щеголдардың братандары жиналып, ұрған орыстарды үйлерінен суырып алып тұрып «әкесі бар екен, ағасы бар екен» демей быт-шыттарын шығарып, «әкелеріне танытқан» дейді.

***

Той-томалақтан атамды әкем алып қайтады екен. Сонда «Ұстама! тек жанымда жүр!» дейді екен. Қашадан аттады ма, аяғы босап құлайды екен. Неге көшеде салбырып, әкемнің иығына асылмаған?! Атамның өзін-өзі ұстауын айтамын да… Өзінің де, балаларының да еңсесін түсірмеген жігерлігін айтамын да… Осындай әке көрген бала қандай болмақ?! Атамнан қорқатынмын, әсіресе көзінен-жақтырмағаны болса, көзімен «талқандап» тастайтын. Атамның қойнында өскен сіңлімнің де көзінің бірдеңесі бар, ұнамай қалсаң біттің – «өртеп» жіберетін сияқты.

***

Таната-Тұната

***

Егеубай-марқұм Күнсәуле жеңгені ескі «Волгаға» салып, алдап-сулап алып қашады. «Келін түскенін» «жумақ» болып анау-мынауға жүгіріп кетпейді ма, сол кезде жеңгеміз жиналыпты да «тайып» тұрыпты. Күнсәуле автобуспен «үйіме» жетемін дегенше, Егеубай-ағамыз ескі Волгамен бұрылысқа жетіп алыпты да  жеңешені қайта салып алып, қайта ала қашыпты дейді.

***

Атам мұғалім болған. Жаздыгүні қызылшаға шығады. Әкем мен құрдасы Тоқаш қашпақшы болыпты, қашыпты да, тек қашып бара жатып жинаулы тұрған сөмкелердегі тамақты тып-типыл қылып, каналға түсіп алып ауылға тартады. Жаяу жетемін дегенше, трактормен аталарым да жетеді. Сөйтсе атам «қыздарымның тамағын біреулер жеп кетіпті» депті, сонда әкем «тымпиып отырдым!» дейді 🙂

***

17 ғасырда Найманнан тараған Садырдың үлкен ұлы Тоң оңтүстіктегі Қоңыраттардың жеріне көшеді. Тоңның інісі Ақынайдан(Асау деген тағы інісі бар) Шымкентке келін барады. Сонда, «біздің қарындас кеп жатыр» деп тойға сол жақтың Садырлары бармай қойыпты дейді. Заң бойынша, қыз алушылар қыз берушілердің алдынан өту керек пе, о жағын білмедім. Бірдеңесі жақпапты. Сөйтіп, Садыр Садырды көрмей қайтыпты. Бір жағдаймен, Ақынай ағамыз қызына Шымкентке бара қапты, шағын кафеде даңғырлап сөйлеп отырса, қасындағы тоже дүбірлеп отырған топтан бір кісі келіп «наймансыз ба?» депті, ағамыз «ия, НАЙМАНМЫН! О не керек?!» демей ма, жерден алтын тапқандай жаңағылар ағамызды өз үстеліне шақырып, әңгімелері жараса кетіпті. Тай сойып, думандатып қайтыпты.

Соңғыны не үшін жазғанымды білмеймін, бірақ қазақтың ру-тайпаға бөлінгені – өзіме ұнайды. Білмеген жерден туыс та, қас та табуың мүмкін.

Толықтырулар: Тоңдар өздерін Садыр-Найман дейді екен. Сосын, сарғыш келген, қыр мұрынды, бойшаң да денелі келеді деп қояды.

Advertisements