Мардымды ештеңке істемесем де, басқа ақылды да пайдалы материал табылғанша, өмірімде болып жатқандарды жазайын.

Жұмыстан ертерек шығамын деген жоспарым быт-шыт болып, асып-сасып 20 минутта сыйлық таңдап, оны 15 (дәу да емес) минутта оформить етіп, 30 минутта жиналып, 20 минутта той орнына жетемін дегенше 15 минутқа кешігіппін. Ал тойдың өзі 2 сағат 30 минутқа кеш басталса керек.

Қыз ұзату рәсімі құда күтуден басталады, ия? Сосын ресторанда болатын тоймен аяқталады. Солай емес пе? Құдалардыкінде қандай-қандай дәстүр болғанын білмеймін. Дәстүрді айтқанша, тойда болған қызықты айтайын.

1) Антракт: Ура! деп далаға шығып келсем – би жайына қалған, жұрттың бәрі жас-жұбайларды қоршап суретке түсіп жүр…

2) Тост: таңертеңнен өзімді қайрап жүрдім «давай» да «давай» деп. Сондағым – бір шумақ ән айту. Микрофон қолымда, жиналғандарда «шок» болмас үшін «әнші емеспін» деп ескерттім де бастап кеттім, қолым да, даусым да дір-дір етеді, зал тым-тырыс. Қайырмасына келгенде сөзін ұмытып қалдым, қан деген бетке шықты, құлақтарым дуылдай жөнелді. Сол сөзді тастап кеттім де «уф!» деп аяқтадым. Төрде тұрғандар ғана шапалақтады-ау деймін, достарым ғой, қанша дегенмен 😀

3) Аукцион: жастардың суретін табаққа жапсырып 1-25-50 жыл деп белгілеген. Жаңа құдаларға сатпақ. Онысы анықтан анық көрініп қалды. (қысқаша былай болды: «100 доллар» деп бір кісі (қыз жағынан шамасы) алмақ болды, сосын қыздың ең үлкен ағасы «200 доллар!» деп қалып еді ешкім одан жоғары баға айтпады, сонда асаба мырза «құдалар ойлана тұрсын, сосын аукционымызды жалғастырамыз» демесі бар ма. «Сосыны» келгенде де ешкім ала қоймады, енді асаба «ОНДА 200 долларға бермейміз!» деп табақтарды бөлек қойды.) Өз басым ондайға қарсымын: шығынды басқа әдіспен де толтыруға болады деп ойлаймын.

4) Ұзату: Есенгүл күнделігіндегідей болмады. Қызды ақ матамен екі жеңгесі қолтықтап апарып күйеуіне тапсырды да солармен бірге кетті, сыртқа қыз жақтан ешкім шықпады. Соғысқа кетіп бара жатқандай бәрі дерлік жылап, бір-біріні жұбатумен болды.

Той бітті, қыз кетті. Барған жерінде ата-анасын ұятқа қалтырмасын, үлгілі келін, жақсы әйел, өнегелі ана болуын тілеймін. Бағың жансын!!!